• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Логистика Бүгін, 00:56

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы: жаңа зертхана және жасыл логистика

30 рет
көрсетілді

Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы жаңа кезеңге қадам басып, білім-ғылым саласында да ортақ жобасы артып келеді. Бір дәлелі – Shakarim University мен Xi’an Jiaotong University арасындағы келелі келісім. Екі елдің бірегей оқу орны 5,3 млрд теңге болатын келісімге қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

 

Жуырда  Астанадағы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының алаңында өткен «Орталық Азия – Қытай» форумында Қазақстан мен Қытай елінің жетекші компаниялары 60-қа жуық келісімге қол қойды. Солардың бірі – Shakarim University мен Xi’an Jiaotong University (ҚХР) арасындағы Халықаралық электрлік автоматика зертханасын құру туралы маңызды жоба.

Shakarim University ректоры Думан Орынбековтың айтуынша, қос бірдей білім ордасының ғылыми-технологиялық серіктестігі «Орталық Азия – Қытай» Екінші индустриялық-инновациялық саммитінің басты бағытының бірі болған.

– Қытайлық әріптестермен артып келе жатқан серіктестіктің арқасында Shakarim University ғылым, индустрия және білімнің инфрақұрылым, қаржы және кадрлар тұрғысынан тоғысатын өңірлік орталығына айналып отыр. Бүгінгі трансұлттық ғылыми ынтымақтастық моделінің іске қосылуы – өңірден басталып, нақты нәтиже беруге бағытталған жоба. Бұл – жастар кадрына қатысты мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді, – дейді ректор.

Сонымен аталмыш зертхана Xi’an Jiaotong University қолдауымен Shakarim University базасында құрылады. Қытай тарапы 5,3 млрд теңгені техникалық құрылғылар, заман талабына сай жаңа бағдарлама, кадрларды оқыту және зертханаларды жаңғырту үшін бөліп отыр. Ал Қазақстан аумағы 1000 м²  болатын инфрақұрылым, әкімшілік үйлестіру және өңірлік ғылыми-білім беру экожүйесіне толық интеграция ұсынады. Зертхана электрлік автоматика, «жасыл» логистика, ақылды көлік жүйелері, цифрлық шешімдер мен интеллектуал өндіріс саласындағы қолданбалы зерттеулермен айналысады. Жаңа зертхана білім мен технологияны ұштастыратын ғылыми-инженерлік, кадрлық хаб ретінде Абай жастарына жаңа мүмкіндік бермек.

Жобаны Абай облысында іске асырудың да есебі мен сыры бар. Зертхананың Абай облысында орналасуы бірқатар инфрақұрылымдық шығындарды азайтады, әрі «Semei – Bakhty – Tacheng» логистикалық дәлізінің де екі ел үшін маңызы зор. Бұл аймақтың жүздеген жаңа жұмыс орнын құруға әлеуеті жетеді. Жоба нәтижесінде 10-нан астам қолданбалы технология трансфері, шағын инновациялық кәсіпорындарды іске қосу, зияткерлік меншіктен түсетін кірістер, студенттік және зерттеу жобаларын дамыту, жобаны Қазақстанның өзге өңірлерінде де атқару сынды мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады. Осылайша, екі ел жобасы Абай өңірін еліміздің шығысындағы технологиялық маңызы бар тірек ретінде нығайтуға жол ашады.

Абай облысы